23 қар, 2020 сағат 17:56

Шөкеев: Тыйымдар бөгет болмай тұрған тойларды тоқтату керек

Ешбір тыйым бөгет бола алмай тұрған той-томалақты тоқтату керек. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кезекті аппарат отырысында осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал баяндалған отырыста соңғы көрсеткіштер мәлім етілді. Одан белгілі болғандай, облыс аумағында отбасылық, мерекелік іс-шаралар тоқтамай тұр. Бүгінгі күнге дейін 535 тыйым салынған шара өтсе, оның 226-ы қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны тұрғындардың өз ауласында өткізілген.

Осыған орай барлық аудан, қала әкімдері аймақ басшысының қатаң сынына ұшырады. Елдегі эпидемиологиялық ахуалды біле тұра, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында тынымсыз жүргізіліп келе жатқан тексерулерді елемегендерге жаза, жауапты басшыларға шара қолданылмақ.

«Той-томалақ барлық аудандарда бар. Эпидемиологиялық жағдайдың қаншалықты күрделі екенін біле тұра, той жасайтындарды тоқтату керек. Тойға жан-жақтан тамыр-таныс жиналады. Бұған тосқауыл қойылмаса, қалған тірліктің бәрі бекер. Тез арада тиісті шара қолданылсын», - деді Өмірзақ Шөкеев. 

Соңғы бес айда облыс бойынша жасақталған 119 мобилді топ құрамы және аумақтық Полиция басқармалары қызметкерлері тарапынан 36765 нысан тексеріліп, карантин талабын бұзудың 5 194 фактісі анықталды.