Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шорнақ ауылында құрылған жедел штаб отырысына қатысты. Өңір басшысы оқиға болған сәтте шұғыл әрекет етіп, ел тыныштығын сақтауда жүйелі жұмыс жасаған штаб жұмысына алғысын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жиыннан соң ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді.
«Шорнақ - мыңжылдық тарихы бар мекен. Кеше орын алған жағдай бүкіл елге тарап, ыңғайсыз жағдай болды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл үшін бұл - ұят нәрсе. Әрине, әлеуметтік желінің дамыған уақытында бұл жағдайды бұрмалайтын арандатушылардың болары анық. Тек солардың сөзіне ермеу керек. Ел арасына дау, ірткі салған адамдарға қатаң жаза қолданылады. Ал, сіздер жастар мен аға буынды сабырға шақырып, бірліктеріңізді нығайта түсіңіздер» деген өңір басшысы мұндағы әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерге баса назар аударылатынын жеткізді.
Облыс әкімінің сөзін құптаған ауыл ақсақалдары да өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
«Шорнақ ауылы осы уақытқа дейін дау шығарған ауыл емес еді. Кешегі оқиға барлығымызды есеңгіретті. Себебі, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат көп тарады. Осындай жағдайдың орын алуына себеп болған жастар үшін барлықтарыңыздан кешірім сұраймыз. Біз, қазақ, өзбек - ағайын халықпыз. Тіліміз, дініміз бір елміз»,- деді ауыл ақсақалдары.
Сондай-ақ, басқосуда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы ауыл тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде бір топ азамат өздерінің наразылығын білдірген бейнежазба тараған болатын. Аталған оқиға Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында болған. Тұрмыстық жанжалды жергілікті полиция қызметкерлері тоқтатқан еді.
Бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Шорнақтағы жағдай тұрақталып, 4 адам қамауға алынғанын жария етті.
Кейіннен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шорнақтағы жағдай бойынша облыс басшылығы және құқық қорғау органдарымен жиын өткізіп, Өмірзақ Шөкеевтің бұзақылықты дер кезінде тыйған тыңғылықты жұмысына жоғары баға берді.
20 шілде күні орын алған оқиғаның жай-жапсары анықталып, тұрғындар қазіргі таңда үйреншікті өмірге қайтып оралған.