16 жел, 2020 сағат 08:07

Шоқан Уәлиханов шығармалары тұңғыш рет ағылшын тілінде жарық көрді

Кембридж университетінің баспасы қазақтың көрнекті ғалымы, этнологы, географы, картографы әрі суретшісі Шоқан Уәлихановтің таңдаулы шығармаларының ағылшын тіліндегі тұңғыш жинағын басып шығарды. Кітап Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің, Қостанай облысы әкімдігінің және Ұлттық аударма бюросының қолдауымен жарық көріп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Іс-шара Ұлыбританияның әйгілі Корольдік географиялық қоғамының қабырғасында өтті. Ал онлайн көрсетілімді Қазақстан, Ұлыбритания, Канада, Біріккен Араб Әмірліктері, Перу, Польша және Түркия елдерінен 100-ге жуық көрермен тамашалады. 

Шоқан Уәлихановтың тарихи және ғылыми еңбектері өте құнды болғанына қарамастан, ағылшынтілді әлемде әлі күнге дейін кеңінен танымал емес. Енді осы кітаптың арқасында бұл олқылықтың орны толады, дейді баспагерлер. 

Кембридж университетінің басқарушы директоры Джейн Манның айтуынша, Кембридж университетінің баспасы тарих және антропология бойынша кітаптардың жетекші баспагері болып саналады. «Қазақстандық автордың еңбегінің осы тектес кітаптар тізіміне енуі баспа үйі тарихындағы маңызды оқиға. Біз бүгін тұсауын кескен әрі жинаққа енген көптеген шығармалар ағылшын тілінде сөйлейтін студенттерге, ғалымдарға және кең аудиторияға жол тартпақ», - деді Джейн Манн. 

Кітапқа Шоқан Уәлиханов зерттеген Орталық Азияның географиясы, тарихы, этнологиясы мен экономикасы туралы ғылыми мәліметтер енген. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты аударуға жіберілуі тиіс материалдарды іріктеу кезінде қазақтар мен өңірде мекен еткен басқа да ұлттардың тарихын, салт-дәстүрлерін, қазақ сот ісін жүргізу жүйесін сипаттайтын мақалаларға жіті мән берген. Сондай-ақ ғалымның демократиялық көзқарастарына, оның ішінде халық үшін пайдалы реформалар туралы айтқан пікірлеріне ерекше назар аударған. 

Кітап редакторы, британиялық жазушы Ник Филдингтың пікірінше, ұлы қазақ ғалымының шығармаларын ағылшын тілінде басып шығару идеясы 2017-жылы менің Қазақстанға жасаған сапарларымның бірінде пайда болды. «Мені, әсіресе, Шоқан Уәлихановтың Ресей империясында кіші мемлекеттік қызметші бола тұра қазақтың дәстүрлі өмір салтын бұзғысы келген билікке қарсы сөз айта білгендігі және өз халқына лайықты құрметпен қарауды талап еткендігі ерекше таң қалдырды», - дейді Ник Филдинг.