Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында 6 гектарды шарпыған дала өрті ауыздықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2 қыркүйек күні Шемонаиха ауданында шөп өртенген. Оқиға орнына құтқарушылар шұғыл келіп жетті.
«Тілсіз жаудың жалпы ауданы 6 гектарды құраған. Көп ұзамай жалын толықтай ауыздықталды. Өртті өшіруге жеке құрамнан 4 адам мен 1 техника жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері өңір бойынша 243 шөп жануы тіркелді.