15 қаң, 2021 сағат 12:53

ШҚО полицейлері заңсыз ауланған жарты тоннадан астам балықты тәркіледі

Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері тиісті құжатсыз балық тасымалдаған Павлодар қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 14 қаңтарда сағат 01.10 шамасында тәртіп сақшылары «Өскемен-Самар» тасжолының 60-шақырымында «ГАЗ» автокөлігін тоқтатқан. 

«Тексеру кезінде 30 жастағы жүргізушінің Самар ауылынан Өскеменге қарай келе жатқаны белгілі болды. Көлікте ол 565 келі балықты құжатсыз тасымалдаған. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижелері бойынша шара қабылданады», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев. 

Сонымен қатар республикалық маңызы бар «Өскемен-Алматы» тасжолын патрульдеу кезінде полицейлер «Fiat Ducato» көлігін тоқтатқан. Көліктің жүк салғышынан 40 қапқа салынған ешқандай құжаты жоқ балық табылды. Алматы қаласының 36 жастағы тұрғыны балықты Өскеменнен тасымалдап бара жатқанын жеткізген. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.