09 қар, 2016 сағат 15:02

ШҚО ІІД-нің ақпараттық-насихат тобы жұмысын бастады

- Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті бастығының бұйрығы негізінде «Мәңгілік ел» ұранымен Ұлан және Глубоков аудандарында облыстық Ішкі істер департаментінің ақпараттық-насихат тобы жұмыс сапарымен болып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып.

Топтың алдыға қойған мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуындағы жоғары тарихи рөлін қалың көпшілікке жеткізу. Топ құрамына ІІБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев, кадрлық жұмыс басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Ахмеров, ІІД-нің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Бақытжан Торғаев, ІІД музейінің меңгерушісі Жаннет Қалимолдина кірген.

Аудандық мәдениет үйлерінде жетекшілер жеке құраммен, ішкі істер органы ардагерлерімен, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерімен, мамандандырылған күзет қызметінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Сондай-ақ топ мүшелері жергілікті билік пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және жастармен жүздесті. Екіжақты кездесу барысында жеке құрамды патриотизмге тәрбиелеу, Антқа адал болу және қызметтік парыз мәселелері сөз болды.

Жиынға қатысушылардың назарына «Мемлекет басшысы» атты тарихи-документалды фильм ұынылды. Соңында басқосуға қатысушылар аталған туныды туралы ойларымен, алған әсерлерімен бөлісті.