24 жел, 2021 сағат 17:46

ШҚО экологтары зауыттан шыққан қызғылт түтіннің себебін түсіндірді


Өскемен қаласындағы Титан магний комбинатының төбесінде пайда болған қызғылт түтінге қатысты экологтар түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО экология департаментінің басшысы Данияр Әлиевтің айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша қызғылт түтіннің шығуына – хлораторлы цехтың 4 құбырының бір уақытта тазалануы себеп болған. 

«Құбырларды құрамында хлор бар реагенттерден тазарту жұмысы жүргізіліп жатқан. Соның салдарынан қызғылт түтін пайда болды. Кәсіпорын өкілдері бізге түтіннің көп болмағанын айтты. Қазіргі уақытта арнайы құрылған комиссия бұның ақ-қарасын анықтап жатыр», - дейді ол.

Данияр Әлиевтің сөзінше, бүгінде кәсіпорында тексеру жұмыстары жалғасуда. 

Сондықтан экологтардың нақты қорытындысы тиісті шаралар аяқталғаннан кейін ғана шығады.