Шығыс Қазақстан облысында биыл 890 тонна пішен өртенген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт сөндірушілер жыл басынан бері 890 тонна пішенді шарпыған қызыл жалынды ауыздықтады.
«Өткен екі аптада ғана Катонқарағай ауданында - 14 тонна, Жармада - 92, Үржарда - 12, Алтайда - 1 және Глубокое ауданында - 11 тонна шөп өртенген. Көп жағдайда бұған – отты абайсыз пайдалану және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болуда», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, ТЖД мамандары жем-шөпті сақтаған кезде өрт қауіпсіздігінің ережелерін қаперде ұстау қажеттігін ескертті. Атап айтқанда, пішенді дұрыстап кептіріп, жанғыш қоқыстардан аулақ жерге жинау қажет.