14 қыр, 2023 сағат 10:48

ШҚО-да үлескерлерді 606 млн теңгеге алдап кеткен ЖШС басшысы ұсталды

Фото: Caspian Today

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ЖШС басшылығы үлескерлерден заңсыз ақша жинады деген күдікпен қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыстық істі тергеу барысында ЖШС-нің лауазымды қызметкерлері 2021-2023 жылдар аралығында үлескерлердің ақшалай қаражатын тартуға рұқсаты болмай, пәтерлерді ерте кезеңде брондау арқылы азаматтарды үлестік құрылысқа белсенді тартқаны анықталған. Осылайша, олар халықтың сенімін асыра пайдаланып, оларды алдау арқылы 606,5 млн теңге сомасында ақша қаражатын иемденді.

"Қазіргі уақытта тараптардың қосымша келісімдер жасасуы арқылы пәтерлерді алдын ала брондау шарттары тоқтатылды, құрылыс жұмыстары жүзеге асырылмайды. Сот шешімімен ЖШС-нің құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға лицензиясы тоқтатылды.

Сот санкциясымен ЖШС жетекшісіне қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат таратылуға жатпайды" - делінген хабарламада.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.