12 қаң, 2025 сағат 13:51

ШҚО-да шенеунік 30 мың доллар пара алған: сот үкімі шықты


Фото:depositphotos.com


Сот Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасарына үкім шығарды. Ол аса ірі мөлшерде пара алды деп айыпталды, - деп хабарлайды Облыстық соттың баспасөз қызметі.


Өскемен қаласының №2 соты Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары азамат Т-ға қатысты ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылған қылмыстық істі қарады.


ШҚО экология департаменті азаматтардың өтініштері бойынша азамат Т-ның басшылығымен АӨФ-да (алтын өндіру фабрикасы) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы нормаларының сақталуына тексеріс жасады.


Тексеру барысында құрылысты аяқтау мерзімдері бойынша жобалық шешімдерден ауытқу бөлігінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Бұл жағдай ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабы 4-бөлігіне сәйкес кәсіпорынның қызметінің тоқтатылуына әкеп соқтырады.


"Азамат Т. ЖШС-ын әкімшілік жауапкершілікке тартпау, АӨФ қызметін тексеру нәтижесі бойынша оң шешім шығару үшін 2023 жылдың мамыр айында ЖШС директоры азамат С-дан 30 000 АҚШ доллар сомасында пара алды (12.05.2023 жылғы долларға шаққандағы доллар бағамы бойынша - 13 326 600 теңгеге)" - деді сотта.


Кінә заттай дәлелдеме - 6 970 000 теңге сомасында ақшалай қаражатпен, сыйақыға мәселенің оң шешілуі туралы уағдаластығын растаған куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сараптамалардың қорытындыларымен расталды.


Прокурор сотталушы Т-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.


Сотталушы Т. кінәсін мойындамай, оны ақтауды сұрады.


ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігі 3-тармағының санкциясы айыппұл түрінде не 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.


Қабылдаған антын бұзған адамның қылмыстық құқықбұзушылық жасауы ауырлататын мән-жай деп танылды. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында бес баласының болуы танылды.


Сот жасалған қылмыстың ауырлығына қарай сотталған Т-ға осы баппен қарастырылған ең ауыр жаза - мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.


Еске салайық, аса ауыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған тұлғаларға мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылмайды.


Үкім заңды күшіне енген жоқ.