27 нау, 2018 сағат 08:19

ШҚО-да Шемонаиха ауданын су басып жатыр, адамдар көшірілуде

Кеше Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданының Жоғарғы-Үбе ауылында апаттық-құтқару қызметі тағы бір топ адамды қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Су басқан үйлерден 65 адам эвакуацияланды, олардың ішінде 13 бала бар. Тұрғындар уақытша туыстарының үйлеріне орналастырылды. Таңертең адамдардың басым бөлігі өз баспаналарына қайта оралды», - деп жазылған хабарламада.

Судың көбеюіне толассыз жаңбыр мен жер тоңының қалың болуы әсер еткен. Тау суының құйылуына байланысты Лосиха, Маралиха, Козлушка өзендері арналарынан тасыған. Үбе өзенінде сеңнің кептеліп қалуы да жағдайды қиындата түскен. Мұз кесектерін жүргізу үшін 720 келі жарылғыш заттар қолданылып, алдын ала жару жұмыстары жүргізілді.

Судан ең көп зардап шеккен ауылдар қатарында Жоғарғы-Үбе және Выдриха ауылдары бар. Мұнда он шақты үйді су басты. Убинка, Первомай, Ново-Ильинка, Рулиха, Октябрь ауылдарында бірнеше аулаға су кіріп кетті.

Қазір қарғын суды сорып, құмқап төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шығыс Қазақстан облысына Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқару күштері,  Алматы қаласында орналасқан Республикалық жедел құтқару жасағы жіберілді. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысынан ұшақпен лай суларды сорып алатын мотопомпалар жеткізілді.

Өңірдегі бірнеше елді мекенді су басып, адамдар эвакуациялануда. Жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режімі жариялануда. Үйлері қираған тұрғындарға жаңа баспана беру мәселесі шешілуде.