14 шіл, 2021 сағат 11:44

ШҚО-да құтқарушы су астында 5 минут жатып қалған адамды ажалдан арашалап қалды


Шығыс Қазақстанның Сібе көлдері мен Бұқтырма су қоймасында суға кеткен адамдар құтқарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, бірінші оқиға Ұлан ауданының Сібе көлдерінде болған. 1977 жылы туған ер адам көлге батып кете жаздаған. Абырой болғанда, қасында інісі Асхат Сарт оған көмек керек екенін дер кезінде байқап, су астында есінен танған ағасын жағаға алып шыққан. 

Асхаттың өзі құтқарушыларға суда жақсы жүзе алмайтынын айтқан. Бірақ ағасына ажал қаупі төнген кезде тәуекелге барып, еріксіз суға сүңгіген.

Жағадағы шуды көрген жедел жәрдем стансасының фельдшерлері Нұрлыбек Ешенов пен Айдос Мусин көмекке келіп, ес-түссіз жатқан ер адамға реанимациялық көмек көрсеткен. 

Фельдшерлер көл жағасына демалу үшін келгеніне қарамастан, жұмыстан тыс уақытта да кәсіби міндеттерін мүлтіксіз орындап шықты.

Екінші оқиға Алтай ауданының Бұқтырма су қоймасының жағасында тіркелген. 

Демалыс күні жедел-құтқару жасағының қызметкері Дмитрий Рудаметов әйел адамды құтқарды. Ес-түссіз күйдедгі әйелді судан маңындағы өзге демалушылар алып шыққан. Топтасқан жұрт жедел жәрдем шақырып үлгергенше Дмитрий Рудаметов алғашқы медицналық көмек көрсетуге кірісіп кетеді. Өзінің айтуынша, әйел су астында 5 минут бойы жатып қалған. Сондықтан оның есін жиғызу оңай болмаған. Әуелі жүрекке массаж жасап, одан кейін жасанды тыныс жасау арқылы, әйелді өмріге қайтарған. 

Дмитрий Рудаметов Бұқтырма жедел-құтқару жасағының құрамында жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өзі өз тәжірибесінде алғаш рет зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсеткенін айтады. 

ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғаннан бері өңірде 20 адамға суға кеткен. Оның үшеуі – бала.