10 там, 2020 сағат 14:30

ШҚО-да көше кезген елік биологиялық орталыққа жеткізілді

Семей қаласында көше кезіп жүрген елік биологиялық орталыққа жеткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 10 тамыз күні Қозыбағаров көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің арасында елік жүргені жайлы хабар түскен. Бірден сол жерге учаскелік полиция қызметкерлері, орманшылар және табиғат қорғау полицейлері аттанған. 

«Олар көп ұзамай көше кезген елікті қолға түсірді. Жабайы аң жараланып қалмас үшін оны көрпеге орап биологиялық орталыққа жеткізді», - деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Қазіргі уақытта мамандар түз тағысының жағдайын бақылауда. 10 күннен кейін елік еркіндікке қайта жіберілуі мүмкін.