Фото: ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу 7 аудандағы 11 әлеуметтік нысан құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша басталған.
Күдіктілердің қатарында компанияның бұрынғы директор орынбасары және Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар.
Аталған жобалар халықтың өмір сапасын жақсартуға және бос уақытты тиімді өткізуге бағытталған еді. Алайда күдіктілердің әрекетінен төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмей қалған.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2 млрд теңгеден астам қаржы байланысты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Қылмыстық жолмен алынған ақшаға Астанадағы элиталық тұрғын үйлерден пәтерлер, сондай-ақ «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» маркалы автокөліктер және асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Екі күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
