24 мау, 2024 сағат 10:56

ШҚО-да ер адам TikTok-қа жариялаған видеосы үшін 80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды

Сурет: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерін видеоға түсіріп, оны TikTok-қа жүктеген ер адамға жаза қолданылды. Видеода ер адам қызметкерге негізсіз сөздер айтып, қорлаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сот мәліметтеріне сәйкес, биыл көктемде, сағат 21:00 шамасында Өскемен қаласындағы Бажов және Белинский көшелерінің қиылысында ер адам жол ережесін бұзған. Оны тоқтатқан полиция қызметкеріне қарсы сөйлеп, видеоға түсірген. Кейін бейнежазбаны TikTok-қа жүктеп, көп қаралым жинаған. Сотқа келген кезде, ер адам видеоны өз еркімен өшірген.

Өскемен қаласының №2 соты ер адамды Қылмыстық кодекстің 378-бабы 2-бөлігі (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қызметтік міндеттерін орындау кезінде билік өкілін қорлау) бойынша кінәлі деп таныды. 

"Бұл бап бойынша айыппұл немесе қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза қарастырылған. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар - шын жүректен өкіну және кінәсін мойындау. Сот 80 сағаттық қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады," - деп хабарлады Өскемен қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.