Фото: ашық дереккөз
Қаржы мониторингі агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, жалпы құны 9 млрд теңгеден асатын электр энергиясын заңсыз сату дерегін әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Тексеру нәтижесінде энергиямен жабдықтаушы бірнеше компания екі жыл бойы халыққа, әлеуметтік нысандар мен стратегиялық кәсіпорындарға арналған электр энергиясын майнинг кәсіпорындарына заңсыз жеткізіп келгені белгілі болды.
Қолданыстағы заңнамаға сай, майнинг кәсіпорындарына электр энергиясын сату тек бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде ғана рұқсат етіледі. Алайда заң бұзушылар 50 мегаватт-сағаттан астам электр энергиясын сатқан. Бұл 50–70 мың тұрғыны бар қаланың тұтыну көлеміне тең.
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған табысқа елордада 2 пәтер мен 4 автокөлік сатып алынғаны анықталды. Аталған мүлік сот санкциясымен тәркілеу үшін бұғатталды.
Қазір тергеу амалдары жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.
