14 қыр, 2021 сағат 16:32

ШҚО-да 31 млн теңге қарызы бар адам пойыздан түсіріліп, полицияға жеткізілді


Шығыс Қазақстан облысында 31 млн теңге қарызы бар адам пойыздан түсіріліп, полицияға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өскемен қалалық ПБ Көші-қон қызметі бөліміне сот орындаушысынан 31 млн теңгеден астам қарызы бар азаматтан берешекті өндіріп алу туралы қаулы түсті. 

52 жастағы ер адам жеке кәсібін дамыту үшін мемлекеттен қаражат алып, қайтармаған. Жедел-іздестіру шаралары барысында оның Алматыдан Өскеменге дейін билет сатып алғаны анықталды. 

«13 қыркүйекте борышкер Өскемендегі теміржол вокзалында пойыздан түсіріліп, сот орындаушысына ақпарат беру үшін Полиция басқармасына жеткізілді. Көші-қон қызметі жұмысының негізгі бағыттарының бірі – атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлерді іздестіру. Жыл басынан бері қарызды төлемегені үшін сот орындаушыларынан жасырынып жүрген 150-ден астам адам анықталды», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.