22 қар, 2016 сағат 16:01

ШҚО-да «25 жұлдызды күн» Вена балымен ашылды

- Вена балында шығысқазақстандық талантты жастарды облыс әкімінің сыйлығымен марапаттады. Вена балы үлгісінде ұйымдастырылған «Біздің №1» XVI өңірлік форумы 2016 жылғы жастар саясаты жұмысын қорытындылаудың ерекше түріне айналды.

Оған 300 жұмысшы және ауыл жастарының өкілдері, жастар ұйымдарының белсенділері, мемлекеттік қызметшілер, журналистер қатысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі өңірдің ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Бүгін Өскеменде өткен «Біздің №1»/«Наш №1»/«Our №1» жастар форумы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Тұңғыш Президент күніне арналды.

Ұйымдастырушылар биыл форумның үлгісі жас белсенділердің қалауымен өзгертілгенін атап өтті. Форумның алғашқы бөлімінде бос уақытты дұрыс ұйымдастыруға көмектесу, ауыл жастарын белсене жұмыс істеуге ынталандыратын шаралар,  кәсіпорындарда жастар лигасының құқықтық тіркеу мәселелерін, олардың қызметтерінің аспектілерін нақтылауға арналған тренингтер мен семинарлар өтті.

Вена балы форумның салтанатты бөлімі ретінде көрініс тапты. Жастар кешкі сәнді киімдерін киіп, ШҚО әкімі симфониялық оркестрінің орындауындағы классикалық вальс, полонез, кадриль билерін биледі.

ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Жеңісов Өскемендегі кеш қонақтарын құттықтай келе, Вена балында өңірдің алдыңғы қатарлы жастары жиналғанын атап өтті. «Сіздер әртүрлі салада жұмыс жасай отырып, өңір және ел дамуына міндетті түрде өз үлестеріңізді қосасыздар. Біз Елбасымен бірге Тәуелсіздігіміздің тұғырын ары қарай биіктетуіміз керек», - деп мәлімдеді С. Жеңісов.

Дәстүр бойынша  мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін бірнеше санатта марапаттау рәсімі өтті: «Жылдың жас көшбасшысы», «Жылдың студенттер көшбасшысы», «Жас кәсіпқой», «Жылдың жас журналисі», «Жылдың жас науқаны», «Жас отбасы».