Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында 1000 тоннадан астам пішен өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 22 қазанда сағат 15.43-те Бесқарағай ауданындағы Жандос ауылының шетінде жиналған 1028 тонна пішен өртенген. Сондай-ақ от шаруашылық қора-жайдың ағаш құрылымдарына тарады.
- Құтқарушылар мен орманшылар оқиға орнына шұғыл келіп жеткен. Бірлескен үйлесімді іс-қимылдың арқасында 788 шаршы метр алаңдағы өрт 23 қазан күні сағат 10.10-да сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 8 адам және орман шаруашылығынан 2 автоцистерна, 8 қызметкер, 3 техника және 2 трактор жұмылдырылды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Алдын ала мәлімет бойынша қызыл жалынның шығу себебі - жем-шөпті жинау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.