26 нау, 2018 сағат 12:44

ШҚО Астананың 20 жылдығына 900 млн теңге бөлмек

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Астананың 20 жылдық мерейтойына орай жарық қойылған музыкалық фонтан ұсынады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Биыл Астананың 20 жылдығы аталып өтеді. Еліміздің өңірлері бұл мерекені инвестициялауға ат салысады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының бұйрығы мен мерекеге дайындық және оны өткізудің арнайы жоспары да бар.

«Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі елордаға сыйлық ретінде құрастырылып жатқан ботаникалық бақ аумағында жарық қойылған музыкалық фонтанды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр», - деді ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Алма Қайрақанова.

Алғашында объектіні Өскеменде салынған фонтанның үлгісі негізінде салу жоспарланған, алайда бұл ұсыныс Астана әкімдігінің көңілінен шықпаған.

«Фонтан құрылысының болжамды құны 938,164 млн теңгені құрайды», - деді Қайрақанова.