04 қаз, 2021 сағат 12:00

ШҚО әкімдігінде өрттің неден шыққаны белгілі болды


Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі ғимаратында өрттің неден шыққандығы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, кеше Өскемен қаласындағы М.Горький көшесінде орналасқан әкімдіктің 5-қабатында өрт шыққан. 

Көп ұзамай өрт сөндірушілер жалпы ауданы 121 шаршы метрді құраған қызыл жалынды толықтай ауыздықтап, ары қарай таралуына жол бермеді. 

«Белгілі болғандай, мәжіліс залындағы еден жанған. Өрттің шығуына – электр жабдықтарының апаттық режимі себеп болды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаумен күреске жеке құрамнан 65 адам мен 17 техника жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.