«Отандастар» қоры шет елдердегі этникалық қазақтарға қолдау көрету жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасовтың айтуынша, арнайы Жол картасы мен Қорды дамыту жоспары бекітілген.
«Жоспарға сәйкес, шетелдегі қазақтарды қолдау мен ерікті қоныс аударуы бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірленеді. Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы ҚР Заңы дайындалады. Отандастарға ақпараттық қолдау орталығың, диалог алаңдарының жұмысы ұйымдастырылады. Шет елде қазақ тілін үйрету бойынша оқыту инфрақұрылымы жасалады», - деді Мағауия Сарбасов астанада «Адам және этникалық азшылықтар құқықтарын қорғау» дөңгелек үстелінде.
Спикердің айтуынша, қазір отандастарды қолдау мен оларды тарихи отанға қайтару бойынша өзге елдердің тәжірибесі зерттеліп жатыр. Мақсатты сараптамалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл жұмыс нәтижесінде нақты ұсынымдар, қорытынды материалдар әзірленеді және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ұсынылады.
Өз кезегінде, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі елдегі этникааралық қатынастардың қалай реттелетінін түсіндірді.
«Этникааралық және конфессияаралық келісімді сақтау еліміз ең маңызды басымдық болып қала береді. Министрлік қызметі арқылы этникалық БАҚ-тарға қолдау көрсетіледі. Қазақстанда 52 этникалық БАҚ 12 тілде жұмыс істейді. Министрлік тұрақты негізде этникааралық салаға құқықтық мониторинг жүргізеді. Ол үшін этникааралық қарым-қатынастар саласын реттейтін заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны үнемі жетілдіріп отырамыз. 2018 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы туралы заңға түзетулер енгізілді, онда ассамблеяның этномәдени бірлестіктеріне қатысты жаңа ережелер енгізілді», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этникааралық қатынастарды дамыту департаментінің директоры Ғалым Шойкин.