09 жел, 2024 сағат 13:20

"Шерзаттың жанына жерлесең болды" - Шерзат Болаттың ағасы кетер алдында туысына хат жазған


Фото:politico.kz
Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев кетер алдында туысына хат жазған. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Бағдат Әшімов айтты, деп хабарлайды ult.kz.

"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұм ағымдағы жылдың 4 қазанында қайғылы қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды. Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Құрметті азаматтар, тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз! – дейді Бағдат Әшімов.


Айта кетейік, бұған дейін Талғардың маңынан Шерзат Болаттың ағасының мәйіті табылғанын полиция хабарлаған. 

"Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы уақытта қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады", -деп хабарланған.


Еске салсақ, Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты ата-анасының көзінше өлтіріп кеткен. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. 12 қазанға қараған түрі Шерзат Болаттың үйі өртеніп, марқұмның туыстары бұған қылмысқа күдіктілер жасады деп топшылаған. 

Осы оқиғадан кейін Талғар қаласының әкімі мен орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов жұмысынан босатылып, Талғардағы «Хутор» деген лақап атпен белгілі қылмыстық топтың лидері дейтін Хасан Қасымбаевтың ағасы қызметінен кетті.