Фото: Шерзат Полаттың ісіне қатысты айыптау актісін оқып тұрған прокурор
Бүгін Жетісу облысында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сотта мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Төрағалық етуші Жанұзақов Ерлан сот залында отырғандарға ережелерді таныстырып, сот залынан әлеужеліге тікелей эфир жүргізуге, сотталушыларды суретке түсіруге тыйым салынатынын ескертті. Мемлекеттік айыптаушы аталған іске қатысты қылмыстың мән-жайын жария етті.
"Бүгін ашық сот отырысында сотталушылар Абзал Нұрғалиұлы, Закиев Равиль Магомедович, Белғожаев Шыңғыс Айдосұлы, Әскентай Дархан Байылханұлы, Тоқтаубаев Нұрбол Маратбекұлы, Ілиясов Нұрқияс Төлетбекұлы, Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы, Қалиахмет Дидар Еркінұлы және Думан Қайдарұлына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Алдын ала тергеу барысында келесі мән-жайлар анықталып, сотталушылар келесі қылмысты жасаған. Атап айтқанда, 3 қазан 2024 жылы түнгі 23 сағат 22 минут шамасында Әскентай масаң күйде бола тұра Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласы Менделеев көшесі 13 мекенжайы бойынша орналасқан "Қамажай" дүкеніне кіріп, сол дүкеннен үш шөлмек сыра және 4 дана темекі алып, өзінің танысы, кәмелетке толмаған Асқарбекке Whatsapp арқылы төлмеақы жасау үшін хабарласып, дүкен сөресінде жазылып тұрған Кадирова абоненттік нөміріне тіркелген Каспи есепшотына 1000 тг аударым жасауды өтінген", - деп оқиғаның қалай болғанын баяндай бастады айыптаушы тарап.
Айыптаушы тараптың сөзінше Әскентай алған затының ақысын төлеген бойда дүкеннен шығып кеткен.
"Арада уақыт өте, яғни 23 сағат 33 минутта "Қамажай" дүкенінде Нұрымовтың баласы, кәмелетке толмаған Болат Шерзат кіріп, дүкен ішінде өз ұялы телефонын қуаттағышқа қойып, телефон қарап отырған. Ары қарай 23 сағат 47 минутта Әскентай "Қамажай" дүкеніне қайта кіріп, Нұрымовқа өзінің Samsung маркалы ұялы телефонын қуаттағышқа қоюды өтініп, оны оған берген. Нұрымов ұялы телефонды касса маңындағы қуаттағышқа қосқаннан кейін Әскентай сыртқа шығып дүкен алдында тұрған.
Осы жағдайдың барлығын кәмелетке толмаған Болат дүкен ішінде бола тұра байқап отырып, көп ұзамай дүкеннен сыртқа шығып, сырттағы Әскентайдың әрекетін бақылай бастаған. Осы сәтте Әскентай дүкенге қайта кіріп қуаттағышта тұрған ұялы телефонды алып, сыртқа шығып, дүкен алдында сыра ішуін жалғастырған. 23 сағат 52 минутта Болат өзінің әкесі Нұрымовқа қатысты Әскентай балағат сөздер айтты деген болмашы себепті пайдаланып, дүкен алдында тұрған Әскентайдың оң жақ көзі тұсынан екі рет жұдырықпен соққы жасаған. Бұл мән жайды дүкен ішінде бақылап тұрған Нұрымов, бірден сыртқа шығып Болатқа ескерту жасап, дүкеннен су алып, Әскентайдың жарақатынан аққан қанды жууға көмектесіп, баласының әрекеттері үшін Әскентайдан кешірім сұрап, денсаулығына келген зақымды өтеп беретінін айтып жеткізген", - деп баяндады мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың сөзіне сенсек, осыдан кейін екі тарап та дүкенге төлем жасалған-жасалмағанын анықтауға тырысқан.
"Осы уақытта Нұрымов Әскентайдың әрекеттеріне ашуланып, кешірім сұраса да, оның жанжал шығарғысы келіп, басқа адамдарды шақырып жатқанын көріп, дүкен кассасында тұрған асханалық пышақты алып, сыртқа шығып, Әскентайға қарай оқталған. Алайда кәмелетке толмаған Болат әкесінің алдынан шығып, тоқтатып, оны сабырға шақырып дүкенге қайта кіргізіп жіберген. Осы уақытта Тоқтаубаев Нұрбол өзінің бауыры Тоқтаубаев Азамат және таныстары Шынасылов Абзал, Сәкиев Равиль, Ілиясов Нұрқияс және Белғожаев Шыңғыс Талғар қаласында орналасқан Эйфория кафесінде отырғанын біліп, қоғамдық орында топтық төбелес болатынын алдын ала біле тұра, соны қалап, Белғожаевтың ұялы телефонына қоңырау шалып, оларды аталған дүкенге келуін сұраған.", - делінген актіде.
Айыптаушы тараптың сөзінше аталған тұлғалар мас күйде бола тұра алдын ала пышақпен қаруланып, топ құрып, бұзақылық жасау ниетімен "Қамажай" дүкеніне бет алған.
Артынша төбелес кезінде жалғасып, оған қатысушылардың бірі Шынасыл Гайыпбаев пен кәмелетке толмаған Болатты көріп, оларға Әскентайды ұрғаны үшін кек сақтап, өлтіруге оқталғаны айтылды. Ол бұл үшін өзімен бірге әкелген қоңыр сапты пышақты қару ретінде қолданған.
"Болаттың кәмелетке толмағанын біле тұра және ол жерде әкесі Нұрымов, анасы Бишимбиева және әжесі Қадырова болғанына қарамастан, олардың көзінше, аса қатыгездікпен Болаттың өмірлік маңызды органы - жүрегіне пышақпен соққы жасаған", - деп оқыды мемлекеттік айыптаушы.