10 қаз, 2023 сағат 11:57

Шекарада ақша бопсалаған. Қырғызстанда ҰҚТ мүшелерінің туыстары ұсталды

Фото: 24.kg

Қырғызстан МҰҚК Қазақстанмен шекарада кәсіпкерлерден ақша бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің жақын туыстарын ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, трансұлттық қылмыстық топ Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы бақылау-өткізу бекетінде Қырғызстанда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерден ақша бопсалау және өндіру үшін тұрақты қылмыстық схема ұйымдастырған.

"Қазір Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 231-бабы "Экономикалық контрабанда" бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қырғызстан азаматтары М.О.Р. мен С.У.Т. ұсталды", - делінген хабарламада.

Қылмыстық схемаға қатысы бар жоғары лауазымды тұлғаларды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, Камчы Колбаев өлімінен кейін соңғы бірнеше күнде Қырғызстанда оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерін тұтқындау шаралары жалғасып жатыр.