29 нау, 2019 сағат 16:48

Шавкат Мирзиёев тікұшақ апатына байланысты ҚР Президентіне көңіл айтты

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қызылорда облысындағы тікұшақ апатына байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ӨР президентінің сайтына сілтеме жасап.

«Қызылорда облысындағы Қазақстан Республикасы Қарулы күштері әскери тікұшағының апатынан  адамдардың мерт болуы жағдайын зор күйзеліспен  қабылдадым. Орны толмас қайғыға ортақтасамын және қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқанымды жеткізуіңізді сұраймын», - делінген жеделхатта.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.

Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.