Фото: okg.kz
Бүгінгі күнде облыста инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жанданып келеді. Бұл бағытта аудандағы «Бадам» индустриалды аймағында жаңа инвестициялық жобалардың құрылысы басталған болатын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына арнайы іссапармен барып, алюминий профиль бұйымдарын шығаратын ««Central Asia Aluminum Company» ЖШС-ін аралап, жұмыс барысын бақылады. Зауыттың құрылысымен танысқан өңір басшысы кәсіпкерлермен пікірлесті.
– Біздің өңірде жұмыс орындарын ашу маңызды. Сол себепті өңірде іске қосылған әрбір зауыт өңір экономикасының дамуына үлес қосады. Сондықтан инвестициялық жобаларға тұрақты қолдау көрсетіледі. Осы зауыттарда біздің тұрғындар жұмыс істейді, – деді Дархан Сатыбалды.
Іссапар аясында өңір басшысы Бадам ауылындағы «RZN» ЖШС газоблок шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Жобаның инвестициялық құны 1 млрд. 500 млн. теңгені құрайды, ал, оның қуаттылығы жылына 85 мың текше метр. Жер аумағы – 3 гектарды құрайтын жоба толықтай іске асқан кезде 25 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Ауданның өндірісті аймағын аралап көрген облыс әкімі мемлекет тарапынан ұсынылған жер уақтылы игеріліп, кәсіпорындар өз мерзімінде ашылуы керек екенін жеткізді. Сонымен бірге индустриалды аймақты абаттандырып, көгалдандыру қажеттігін, жергілікті тұрғындарды үйретіп, жұмысқа тарту керектігін де ескертті.
Дені сау ұрпақ – мемлекет байлығы
Сонымен қатар облыс әкімі Дархан Сатыбалды Бадам ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысты.
– Өңірімізде ауылды елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Білім, медицина, спорт, мәдениет нысандары салынуда. Спорт кешені жастардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы болатынына сенеміз. Осында жаттыққан спортшы жастарымыз әлемдік деңгейде Қазақстанның атын шығарады деген үміттеміз, – деген өңір басшысы спорт кешенін аралап, онда жаттығып жатқан спортшылармен, бапкерлермен жүздесті.
Ауыл балалары мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдаланатынына қуанған ауыл ақсақалдары мен тұрғындары ризашылықтарын білдіріп, өңір басшысымен еркін пікір алмасты. Осы кездесуде ұсыныстар айтылып, аймақты дамыту жолдары сөз болды. Алдағы уақытта аталған спорт кешенінде облыстық Қажымұқан атындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі орналасады. Бүгінде бұл спорт мектебінде 1000-ға жуық бала жаттығып жүр.
Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Облыс әкімдігінің қолдауымен аудан, қала әкімдері мен кәсіпкерлер көршілес елдердің кәсіпорындарын аралап, инвесторлармен келіссөздер жүргізіп келеді. Бұл кездесулер бүгінде өз жемісін беруде. Ордабасы ауданында бой көтеретін зауытта Қытай елінің тәжірибесі мен жоғары технологиясы қолданылады деп күтілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жобаны уақтылы жүзеге асыру керектігін баса айтты.
– Шетелдің озық технологияларын меңгеріп, батыл шешімдер қабылдау керек. Бұл зауыттың жоспарланған мерзімде ашылуы қадағаланады. Жұмыс істеймін, халықты жұмыспен қамтимын дейтін инвесторлар мен кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетіледі. Әрдайым шаруасы ширақ, тірлігі мығым аймақ озады, – деген Дархан Сатыбалды жаңа зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Іс-шара барысында «Altyn land» ЖШС-нің директоры Береке Дүйсебеков аталмыш жобаның облысқа тигізер пайдасын сөз етті. Оның айтуынша, қыш зауытында заманауи технологиялар қолданылады.
Мақталы өңір әрдайым мақтаулы болмақ
Түркістан облысы – республикада мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Биыл мақта дақылының егіс көлемі 106,4 мың гектарды құрады. Бұл – жалпы егістіктің 12 пайызы.
Облыста мақта шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Бұл бағытта толық циклді 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары басталды. Ордабасы ауданында да мақта өнімділігі мен сапасын арттыру жұмыстары жылдан-жылға жоғарылап келеді. Сапар барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Төрткүл ауылында орналасқан мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Өңір басшысы облыстағы мақта кластерін құру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын айта келе, өнім сапасын арттыруға, инвесторлар тартуға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, кездесуде зауыт басшысы жаңа жобаларды таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, кәсіпорында өнімділікті және мақта сапасын арттыру мақсатында түркиялық ұрықтар егіледі. Келесі жылдан бастап 250 гектар аумаққа тамшылатып суару техникаларын ендіру көзделіп отыр. 2025-2026 жылдары зауыт қайта жаңғыртудан өткізілмек. 2027 жылы мақта кластерін құру жоспарлануда.
Аймақта шағын және орта кәсіпкерлік саласы жақсы даму үстінде. Мәселен, мақта талшығын өндіретін «Нұр-Агро 73» ЖШС-і өндіріс қуаттылығы жылына – 35 000 тонна межені көрсетіп отыр. Жоба құны – 255 млн. теңге. Жеке кәсіпкер 300-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отыр.