05 нау, 2017 сағат 22:23

Шариғат өзге дінге қыз беруге тыйым салады

Қазір «аралас некеге» етіміздің үйренгені соншалық, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын деңгейге жеттік. Ал, бұған ислам діні қалай қарайды? Жалпы, өзге дін өкілдерімен құдаласуға бола ма? Бұл туралы Астана қаласындағы «Əл-Ғани» мешітінің бас имамы Бағдат АХМЕТƏЛІҰЛЫМЕН болған әңгіме барысында сұраған едік.

– Қазір қоғамда қыздарымыздың өзге діндегі азаматтарға тұрмысқа шығуы туралы түрлі наразылықтар айтылуда. Ал, ислам өзге дін өкілдерімен  құдаласуға қалай қарайды?

– Шариғат бойынша өзге дін өкілдерімен құдаласуға болады. Бірақ олар кітап иелерінен болуы керек. Яғни, ойдан шығарылған дін емес, кітап түскен дін өкілдерінің қыздарына құда түсіп алуға болады. Алайда, құдаласу мәселесіне келгенде мына нәрсені анықтап айту керек: Мұсылман адам кітап иелерінен қыз алуға болады, ал, кітап иелері болсын, болмасын өзге діндегі азаматқа мұсылман қызын беруге болмайды. Шариғат өзге дін өкіліне мұсылман қызды беруге қатаң тыйым салады.

– Сондай-ақ, көптен бері айтылып жүрген мәселенің бірі көп әйел алу мәселесі. Жалпы, шариғат жағдайы жақсы ер азаматтарға төрт әйел алуды міндеттейді ма?

– Кейде өзге дін өкілдерінің ардақты пайғамбарымызды (с.ғ.с.) «әйел құмар болған, көп әйел алған» деп келекеге айналдырып жататын тұстары бар. Бірақ, Алла елшісі ешбір әйелді нәпсіқұмарлықтан алмағанын біз жақсы білеміз.

Рас, Алла Тағала Құран кәрімде ер адамдарға төрт әйел алуға дейін рұқсат етті. Бірақ, мұны да өте дұрыс түсіну керек. Бұл біріншіден, өзіңнің ұрпағыңды көбейту үшін  болса, екінші жағы, қоғамдағы нәпсіқұмарлықты, зина жасауды азайту үшін берілген мүмкіндік. Қазақтың басынан сан түрлі заман өтті. Кешегі кеңестік үкіметтің солақай саясаты біздің санамызға үлкен өзгеріс енгізіп кетті. Соның салдарынан аталарымыз жүрген жолдан ажырап қалдық. Апаларымыз, қыздарымыз екінші, үшінші әйел дегенге шошып қарайтындай жағдайға жетті. Тіпті «Әйел мен ердің құқы тең. Онда біз де екі-үш адамға тұрмысқа шығайық» деген секілді адам шошырлық ойлар айтып қалып жатты.

Алла Тағала әу баста Адамды  (ғ.с) топырақтан жаратты дағы, Хауа анамызды Адамның (ғ.с) қабырғасынан жаратты. Сондықтан да, әйел адам ер адамға қарағанда бір саты төмен тұрады.

Әрине, екі үш әйел алған жақсы. Оны барлық ер адам қалайды. Бірақ, мұның жауапкершілігі екі-үш есе көп болады. Барлығына бірдей әділ болу керек. Бәйбішені бөлек үй қылып қойып, жас тоқалдың жанынан шықпай қоюға болмайды. Алла Тағала көп әйел алуға рұқсат бергенде, барлық шарттарды орындай алатын ер адамдарға берді. Егер, барлық әйелдерге бірдей әділ бола алмаса, бір әйелдің ақысын жесе, ондай еркектің ақыретте сұрауы оңай болмайды. Егер, әйелдерге әділ бола алмайтын болса, әр әйелден дүниеге келген ұрпағының ауызбіршілігін сақтай алмайтын болса, барлығын бірдей дүниемен қамтамасыз ете алмайтын болса онда бір ғана әйелмен тұрып, сонымен көктеп-көгерген абзалырақ. Сондықтан бұл мәселеде жан-жақты ойланып, қабырғасымен кеңесіп, жеті рет өлшеп барып шешім қабылдаған дұрыс.

– Егер төрт әйелі бар еркектің бір әйелі дүниеден өтсе немесе ажырасқан жағдайда оның орнына тағы бір әйел алуына болады ма?

– Мұндай жағдайда тағы әйел алуға шариғатта рұқсат бар. Сен Алла рұқсат еткен төрт әйел алып қойдың, сонымен сенің мүмкіндігің таусылды деген сөз жоқ. Егер жоғарыда айтқандай бір әйелі қатыс болған немесе ажырасқан жағдайда оның орынына басқа әйел алуына болады.

Бірақ, тағы да айтайын, бұл мәселеге де өте жауапкершілікпен қарау керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕК

e-islam.kz