Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Серпін» бағдарламасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, «Серпін» бағдарламасы бойынша ынтасы бар студенттер жақсы оқып жатыр. Көрсеткіштер жаман емес. Әлбетте, кейбір жерде «Серпін» бағдарламасымен білім алғаннан кейін өз ауылына барып, жұмыс істеймін дейтін мысалдар баршылық. Бірақ бәрін біркелкі қылып, ауылға кетіп жатыр деп айта алмаймыз», - деді деді Білім және ғылым министрі Үкімет отырысынан кейін тілшілердің алдында.
Министрдің айтуынша, «Серпін» бағдарламасы бойынша нақты механизм бар.
«Механизм бойынша балалар оқуға түскен кезде тиісті келісімшарта қол қояды. Сол келісімшартта барған өңірде жұмыс істеу бойынша жауапкершілік жазылған. Сол келісімшарттың негізінде жұмыс жүргізу керек. Тиісті талапты орындамай жатқан жастарға қатысты тиісті шара қолдану керек. Заңнамада бәрі жазылған ғой», - деді Асхат Аймағамбетов.