Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шартты атаумен «Шала қазақ» атты толықметражды көркем фильм түсіруді бастап кетті. Режиссері – Төлеген Байтүкенов. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілмек.
«Бұл фильм адамның тағдыры мен міндеттелген парызын орындау туралы. Картинаның желісінде адам табиғатына тән ынжықтық пен азғындауға құмартып тұратын қасиеті болса-дағы, оған бой алдырмай, өз таңдауына және өзінің азаматтық борышына адал болып қалған жанның өмірі көрсетіледі» дейді режиссер Төлеген Байтүкенов.
«Шала қазақ» фильмі – режиссердің алғашқы жұмысы. Бұған дейін Төлеген Байтүкенов «Супер Баха» атты комедияның сценарийін жазуға атсалысқан екен. Одан бөлек, «Тұшпара және Рахманинов» атты қысқаметражды фильм түсірген. «Шала қазақтың» да сценарийін автордың өзі жазған. Алматы облысы, Қапшағай қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Бригадир ауылында түсірілім жұмыстары басталды.
Сценарий желісіне сүйенсек, «өркениеттен тыс қалған» (сценарий авторларының пікірінше) ауылдың бірінде учаскелік полицей ауылды басып алған қылмыскерлермен айқасады. Ұрланған құнды заттарға толы жүк көлігі осы ауылда сынып қалғандықтан, қылмыскерлер жүк қоймасын іздеп, осы маңда тоқтауға мәжбүр болады. Олар екі күннің ішінде жерге көмілген бағалы жүктерін қазып алып, ешкімге зиян келтірмей ауылдан қашып кетуді көздейді. Алайда қылмыскерлердің бұл жоспары іске аспай қалып, ауыл тұрғындарына күш жұмсайды. Тек ауылдың учаскелік полицейі қылмыскерлерге төтеп беріп, өзінің борышын соңына дейін өтейді.
Бүгінгі заманның қаһарманы – ауыл учаскелік полицейі. Қаһарман полицей болса, бұл жердегі «шала қазақ» кім? Таза қазақ ауылында қызмет істейтін полиция қызметкерінің қазақша білмеуі мүмкін емес нәрсе ғой. Жалпы қазақты «таза қазақ» және «шала қазақ» деп бөлу қайдан шықты? Фильмнің атауын (шартты атауы болса да) «Шала қазақ» деп алу қаншалықты қажет?
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді білмейтін қазақ ұлтының өкілдерін «шала қазақ» деп атауды тоқтатуды талап еткені белгілі. «Қазақтардың өзінің ішінде қазақ тілін білмейтіндер бар, оны өздеріңіз де білесіздер. Оған олар кінәлі емес, себебі олардың әке-шешелері орыс тілді ортада өскен. Сондықтан оларды шала қазақтар деп атамау керек. Біз бәріміз де қазақпыз» деген еді.
«Шала қазақ» деген ұғымды біз өзіміз бойға сіңіріп алдық. Әйтпесе, «шала орыс», «шала өзбек», «шала қырғыз» көрген жоқпыз ғой. Дана халқымыздың «су басынан тынады» дейтін ғажап сөзі бар. Замана дертімен еріксіз лайланған ана тілімізді бастапқы табиғи мөлдір судай қалпына түсіру үшін шешуші әрекетті балабақша мен мектептердегі тіл мәселесінен бастау, яғни сөйлеу ортасын қазақыландырудан бастау – ең шешуші мәселеге айналуы тиіс еді. Тіл білмейтін қазақты «шала», «ада» деп өзектен теппей, құшағымызға тартуымыз керек. Батыл әрекет ететін уақыт баяғыда жеткен. Оған қолбайлау боп отырған ешкім де жоқ.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «шала» сөзінің бірнеше мағынасы бар екенін талдап көрсетеді. Мәселен, біріншіден, отынның толық жанып бітпеген қалдығы. Екіншіден, артына шала байлады – соңынан сөз ерді, өсекке таңды. Үшіншіден, пісіп жетілмеген, шикі дүниені шала деп атайды.. Тағы бір мысал, шала байыды, шала бүлінді дейміз. Яғни болар-болмас олжаға кенеліп мәз болған адамды, болмаса күйіп-піскен, әлекке түскен жанды солай дейміз. Шала сауатты десек, сауаты төмен адамдарды айтқан боламыз. «Шала қазақ» деген ұғымды қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен кездестірген жоқпыз. Демек, мұны айналымға енгізген де өзіміз. Біз қазір ұлт бірлігі туралы жиі айтамыз. Ұлт бірлігі проблемасын қозғамас бұрын ұғымды түзеп алуымыз қажет емес пе?
Жазушы Дидахмет Әшімханұлының: «Осыдан бір ай бұрын Пекинде болдым. Лу Синьнің музейін арнайы іздеп бардым. Лу Синь – дәрігер болған адам. Жапонияда жүргенде аядай ғана жапондардың самсаған қытайға оқ жаудырғанын көреді де, ойға батады. «Дәрігер болсам, ең арысы 100 адамды емдермін. Миллиондаған қытайды қалай емдеуге болады?» деп бас қатырады. Ақыры халқын сөзбен емдеуге бет байлайды. Лу Синь саналы түрде жазушылыққа бет бұрған адам» дегені бар-ды.
Ұлтты емдеудің жолы – сөз. «Жақсы сөз – жан семіртеді». Қазақшаны бұрап сөйлейтіндердің бәрін «шала қазақ» деп бұра тарта берсек, не болғанымыз? Түрік жұртын біріктіруге шақырған Мұстафа Кемал Ататүріктің «Түріктің түріктен басқа досы жоқ» деген аталы сөзі бар. Ендеше, қазақтың да қазақтан басқа досы жоқ. Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген атаумен аталуын былайша айтып өткен болатын. «Бір халық – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер. Бір ел – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. Бір тағдыр – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер!»
«Бір ел – бір халық – бір тағдыр» ұғымының астында тоғысқан қазақтың «шала қазақ», «ада қазақ» болып бөлінуінің еш жөні жоқ. Сабыр Адайша айтқанда, «әр қазақ – менің жалғызым»… Сондықтан әлі де болса, кино атауын өзгертудің амалын жасау керек. Көрермен тартамыз, қаражат түсіреміз дейтін пиғыл үстем болса, мемлекетке атын беріп отырған ұлтымыздың қадір-қасиетін көз алдымызда таптағандай боламыз.
Қазақ атын аяққа таптап отыра береміз бе, сонда?!.
Гүлзина БЕКТАС,
"Айқын" газеті