21 шіл, 2018 сағат 13:57

Серік Сапиев Денис Теннің отбасы мен жақындарына көңіл айтты

Қазақстандық боксшы Серік Сапиев марқұм Денис Теннің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандық спортшылар атынан қазаға қайғырып көңіл айтамыз. Денис біздің жүрегімізде мəңгі сақталады. Осыдан біраз жыл бұрын «Денис жəне оның достары» шоуын өткізгеніміз есімде. Осы шараны мен жүргізген болатынмын. Дениспен сол кезде жақын таныстым. Сонда оның шынайы, мейірімді, интеллегентті, рухы мықты адам екенін байқадым», - деді Серік Сапиев бүгін Алматыда.

Қазақстандық мəнерлеп сырғанаушы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рəсімі өтті.

Сағат 11.20-да оның денесін Балуан Шолақ атындағы спорт сарайынан алып шықты. Спортшыны «Дружба» ауылында жерлейді.

Еске сала кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.