«Сергек» камераларының арқасында Нұр-Сұлтанда жол-көлік оқиғалары мен қоғамдық орындарда тіркелетін қылмыстардың саны едәуір азайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылы елордада «Сергек» бағдарламасын іске қосқан болатынбыз. Осы жылдың 10 айындағы көрсеткіш пен өткен жылдың 10 айының көрсеткішін салыстырғанда елордада жол-көлік оқиғаларының саны 40 пайызға азайды. Жол апаты салдарынан жарақаттану деңгейі 50 пайызға төмендеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының бөлім басшысы Даниал Әйткенов онлайн брифинг барысында.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларымен бірге «Сергек» камераларының арқасында қоғамдық орындарда тіркелетін қылмыстардың саны 44 пайызға кеміген.