20 сәу, 2017 сағат 10:17

Сенаторлар Сағынтаевқа: Су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын кім өтейді

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Марат Тағымов өз әріптестері атынан ел Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Бүгінгі күні Қазақстанның бірнеше өңірін су апаты алып отыр. Ресми ақпаратқа сәйкес, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінде су тасқыны 11 сәуірден бастап белең алды. Ақмола, Ақтөбе,  Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар елді мекендері мен жолдарды еріген қар суы шайып кете жаздады. Отандастарымыз  үйінен, бар жиған-тергенінен айырылып, бес мыңнан астам үй қожайындықтары құлар алдында, мыңдаған қазақстандық осындай қиын жағдайға душар болып отыр. Жергілікті атқарушы билік пен құзырлы мемлекеттік органдар жыл басынан бастап депутаттар алдында тасқын судың алдын-алу шараларына  қыруар қаржы бөлуді қорғайды. Алайда, жыл сайын осындай жағдай қайталанып, су тасқыны біз үшін үйреншікті төтенше жағдайға айналды», - деп атап өтті сенатор.

Оның айтуынша, төтенше жағдай басталғаннан бері Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында 454 үй суға кетіп, 1379 адам көшірілген, Солтүстік Қазақстан облысында 400-ден астам үй су астында қалу қатерінде, Ақтөбе облысында 500-ден астам тұрғын үй су астында қалған. «Ал құзырлы мемлекеттік органдар болса, осындай жағдай Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл облыстарындағы су қоймаларына тасқын және еріген қар суы толассыз ағып келуіне байланысты ағызатын судың мөлшерін сәл қосу қажет болуы себебінен елді мекендер мен автожолдарды су басты деп қолдарын қусырып отыр. Ендігі біздің сауалымыз: неліктен осы күнге дейін құзырлы органдардың жауапты қызметкерлері өзінің кәсіби шеңберінің тарлығын табиғи атаклизмдерімен жасырып келеді? Олардың жауап беретін күні келе ме? Әділеттік үшін атап кетуіміз де жөн, бүгінгі таңда төтенше жағдай комитетінің азаматтары өз борышын адал орындап келеді. Бірақ зардап шеккен тұрғындардың көптеген миллион шығынын кім өтейді? Ел аман, жұрт тынышта бұндай жағдайға жергілікті биліктегі азаматтар қалай жол берген?», - деді Тағымов.

Сенатордың айтуынша, осы ретте отандастарымызды толғандырып отырған екі мәселе туындап отыр.

«Біріншіден, қиын жағдайға душар болған жерлестерімізге Үкімет тарапынан қандай жәрдем көрсетіледі? Екіншіден, бұндай жағдай қайта орын алмас үшін Үкімет қандай шаралар қолға алмақ?  Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, жоғарыда баяндалғанды және қозғалған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, осы сауал бойынша тиісті шараларды қабылдауыңызды сұраймыз», - деп атап өтті ол.