Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына Маңғыстау облысындағы жұмыссыздық туралы сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы күндері Маңғыстау облысында, соның ішінде Жаңаөзен қаласында орын алып отырған жұмыссыздыққа қарсы ереуілдер өңірдің ғана емес, ел жұртшылығын алаңдатып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау облысындағы жағдайдың қиын, күрделі екеніне тоқталған болатын. Өңірдің кешенді жоспары қабылданып, осыған байланысты қомақты қаражаттардың бөлінуі жоспарланғанын, ол қаражаттар бірінші кезектегі мәселелерді шешуге бағытталып, жұмсалу керектігі туралы айтқан болатын.
Қаңтар айындағы қайғылы оқиғалардың басы да осы Жаңаөзендегі бейбіт акциядан басталғаны мәлім. Сұйытылған газ бағасының қымбаттауы деген ресми себебі болғанымен, түп тамыры мұнайшылар қаласында жұмыссыздықтың кең орын алуында, тұрмыстық азық-түлік тауарларының қымбаттап, әлеуметтік деңгейі төмендеп кетуінде еді», - деген депутат жұмыссыздық мәселесі өңірде өте өзекті екенін басқа да мысалдармен дәлелдеді.
Депутат қаланы тек мұнайға тәуелді етпей, оның даму бағыттарын әртараптандыруды, оның ішінде ауыл шаруашылығын, туризм саласын дамытуды, көлік-логистика әлеуетін күшейтуді ұсынды.
«Еліміздің тәуелсіздік алған 30 жылда Жаңаөзен қаласының тұрғындары 60 мың адамнан 160 мыңға жетті және жыл сайын 3500 адамға өсіп отыр», - деді сенатор.
«Бүгінгі таңда Өзен кен орнын 100 пайыз «Қазмұнайгаз» ұлтық компаниясына қарасты «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамы игеріп отыр. Кен орнында жылына 5,3-5,5 млн тонна мұнай өндіріледі. Мамандардың ақпараты бойынша, алуға болатын мұнай қоры шамамен 150 млн тоннадан астамды құрайды. Оның үстіне, жақында ғана ресми ақпараттар хабарлағандай, көлемі 39 млн тонна мұнай көзі ашылды. Бұл қор қазір мұнай өндіру деңгейімен қарағанда, шамамен 30-35 жылға жетеді. Әрине, бұл мерзім тарихи масштабпен қарағанда көп уақыт емес. Екінші жағынан қазіргі озық технологиялар күннен-күнге дамып келе жатқан цифрлық жиырма бірінші ғасырдың тұрғысынан қарағанда аз уақыт емес. Мәселе осы уақытта қаншалықты ұтымды пайдалана білгенімізде», - деген депутат өзі көтерген мәселенің бірқатар шешімдерін ұсынды.
«Кен орнына қажет құрал жабдықтардың, материалдардың тізімін жасап қайсыбірін жергілікті шағын, орта кәсіпкерлеріне тікелей тапсырыспен көпжылдық мерзімге беру керек. Қала аумағына «Ерекше аумақ» статусын беру мүмкіндігін қарастыру, қажет болса, «ӨзенМұнайГаз» АҚ жарғысына өзгеріс енгізуді қарастыру керек, - деп атап өтті ол.