25 қаз, 2019 сағат 09:47

Сенатор: Қазақ мектептерінің санын көбейту керек

Парламент Сенатында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымында сенатор Динар Нөкетаева елімізде қазақ мектептерінің санын көбейту қажеттігін мәселе етіп көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматы қаласының құрамына Алматы облысынан екі үлкен жаңа аудан қосылды. Осы аудандардың мәселесі жетіп артылады. Оны да ескеру керек. Бұл екі ауданда, құдайға шүкір, халықтың саны артып келеді. Осыған байланысты мектептер салу мәселесі бар. Әсіресе қазақ тіліндегі мектептерді жылдан жылға көбейту керек деп есептейміз. Өйткені, бір мектепті алатын болсақ, былтырдың өзінде қазақ тілінде оқитын 13 сынып ашылған. Тіпті бір сыныптың өзінде 40-42 баладан отырады. Сондықтан, болашақта осы мәселені де ескеру керек», - деді Динар Нөкетаева.

Сонымен бірге, сенатор Алматы қаласының шетіндегі аудандардың ауыз су мәселесін де тілге тиек етті.

«Су жүйелерін ретке келтіру, көліктік инфрақұрылым, ішкі жолдар, мектептер мен ауруханаларды сейсмикалық сипатта күшейту мәселелерін дер кезінде шешкен абзал. Өйткені, Алматы қаласы сейсмикалық аумақта екенін білесіздер. Неліктен Алматыдан жылдан жылға қаражатты алып қою жағдайы ұлғайып келеді? Осы мәселе бойынша Үкімет басшысы Асқар Маминге де сұрақ жолдадық. Сондықтан, Алматы қаласына қаражатты биылғы бюджеттен тағы қарастыру керек деп ойлаймын», - деді ол.

Айта кетсек, бүгін Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов Парламент Сенатының депутаттарына 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырып, білім және ғылым жүйесін дамытуға 2020-2022 жылдары 3,7 трлн теңге бөлінгелі отырғанын мәлім еткен болатын.