Бүгін ҚР Парламент Сенатында Қауіпсіздік, қорғаныс пен халықаралық қатынастар комитетінің отырысында «Қазақсан Республикасының Үкіметі және Ауғанстан ислам республикасының үкіметі арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімшартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құжатты ҚР Ішкі істер вице-министрі Берік Бейсенқұлов таныстырды. Оның айтуынша, келісімнің аясында төтенше жағдайларға болжам жасау, мониторинг жүргізу, осы салада мамандарды даярлау, бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу және тағы басқа шаралар қарастырылған. Сондай-ақ ауған құтқарушылары көмекке келген жағдайда оларға визасыз режим ұсыну көзделіп отыр. Сенатор Бірғаным Әтімованың ойынша, ондай режим арқылы сан алуан радикалды топтар Қазақстанға өтіп кетуі әбден мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Б.Әйтімова ауған елінің төтенше жағдайлар саласындағы үлкен тәжірибесі бар екеніне күдіктеніп отыр. Сондықтан келісім сол мемлекеттің ұсынысы деп ойлады. Алайда вице-министрі Берік Бейсенқұловтың айтуынша, бұл – қазақстандық тараптың ұсынысы. «Сонда одан бізге келер пайда қандай?» деген сұраққа Б.Бейсенқұлов: «Енді...төтенше жағдайлар бойынша ақпарат алмасу жағынан екі жаққа да қажет. Әрине, ондай келісім ауған жағына көбірек қажет болып тұр», - дейді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, Ауғанстан елінің қазіргі жағдайын ескере отырып, құжат аясындағы көмек беру шаралары біржақты болады. Барлық шығындар төтенше жағдайлар резервінен өтеледі. Дегенмен, сенатор Бірғаным Әйтімова келісімнің 7-бабымен келіспей, одан террористік қауіп тауып алды.
«Ол жерде өзара көмек беруге арналған «еркін топтар» туралы айтылған. Бұл қандай топтар өзі? Құтқарушылар ма? Басқа біреулер ме? Мен өзім аталған бапты жамылып, террористік топтар өтіп кете ме деп қорқамын. Осыны ашып жазу қажет сияқты. Ал, ең бастысы, келісімнің 11-бабында көмек сұраған мемлекеттің шекарасын кесіп өту және сол елде болу шарттары жазылған. Қараңыз, төтенше жағдайдардың алдын алу шаралары аяқталғанша біз оларға визасыз режимді, тіпті тұрғылықты жерін көрсетпеуге рұқсат беріп отырмыз. Алайда Ауғанстанда террористік қауіптің бар екенін бәріміз жақсы білеміз. Енді, осы келісімде ел қауіпсіздігі ескерілген бе? Құтқарушылар тобы деп, елімізге террористік топтар өтіп кетпей ме?», - деп сұрады Б.Әйтімова.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан жерінде қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, ауған жерінен «еркін топтарды» жіберу көзделген. Алайда олардың тізімі алдын ала жіберіледі.
«Әрине, біз ол тізімдердің бәрін тексеріп шығамыз. Сосын «еркін топтардың» тиісті шараларды атқару мерзімі нақты жазылады. Бұны шекара қызмет де, көші-қон қызметі де қатаң бақылауда ұстайтын болады. «Еркін топтардың» өкілдері көшеде емін-еркін жүреді деп ойламаңыз. Олар нақты бір жерге келеді де, жұмыстарын атқарып кетеді. Меніңше, бұл жерде ешқандай қауіп жоқ. », - деп атап көрсетті Б.Бейсенқұлов.
Дегенмен, Б.Әйтімова бұл жауапқа қанағаттанған жоқ. Ол «қандай да бір террористік топтар келісімнің кейбір баптарын пайдаланып, Қазақстан жеріне өтіп кетсе, вице-министр Б.Бейсенқұловтың өз басымен жауап береді» дегенді хаттамаға енгізуді ұсынды. Оған Б.Бейсенқұлов: «Біз өз тарапымыздан кепілдік берейік. Алайда шекара, көші-қон сияқты қызметтердің де жауапкершілігін ұмытпайық», - деп қысқа ғана жауап берді.
Комитет отырысына қатысқан сенаторлар – Икрам Адырбеков, Ляззат Қиынов, Нұртай Әбіқаев, Бірғаным Әйтімова мен Серік Жақсыбеков келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қолдап, Сенаттың бірлескен отырысында талқылауды ұйғарды. Дегенмен, олар «еркін топтардың» тұрғылықты жерін көрсетпеуге, яғни ықтиярхатсыз жүріп-тұруларына рұқсат беру мәселесін әлі де пысықтау қажет деп санайды.