Академик Салық Зимановтың туғанына келесі жылы 100 жыл толады. Алайда, осы бір айтулы дата Үкіметтің алдағы жылы атап өтетін мерейтойлар тізбесінен тыс қалған. Осыған орай Сенаттың жалпы отырысында Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған бір топ сенатор Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады.
Сауалда академик Зимановтың отандық заң ғылымының дамуына сіңірген орасан зор еңбегі және елімізде білікті заңгерлер даярлаудың негізін қалыптастырған ұстаздық қызметі жан-жақты баяндалған.
«Ол 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғағаннан кейінгі бар ғұмырын қазақстандық заң ғылымының дамуына арнады. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін, Ұлттық ғылым академиясының Философия және право институттарын басқарып, мыңдаған шәкір тәрбиелеп, 30-дан астам ғылым докторы мен кандидаттарын даярлады. Оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде көптеп саналады», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Салық Зиманов десе, ең алдымен, еліміздің егемендігі еске түседі. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіздігіне даңғыл жол салып берген басты қадам 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы еді. Оның жобасын дайындаған депутаттық комиссияның басшысы дәл осы Зиманов болатын.
Ғалым 1991 жылы 14-16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңын қабылдау барысында комиссиясының құрамына кіріп, тарихи құжаттың қабылдануына заңгер депутат ретінде зор үлес қосты.
«Оның сол кезде сөйлеген сөздері мен тегеурінді пікірлері Парламент мұрағатында сайрап тұр. Салық Зиманов 1994 жылы Жоғарғы Кеңеске екінші мәрте депутат ретінде сайланып, өмірінің соңына дейін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бәріне дерлік абыз ақсақал ретінде белсене араласты. Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Премьер-Министр және республикалық құқықтық орган басшыларына ұдайы өзінің толымды ұсыныс, тағылымды пікірлерін жолдап отырды. Елбасының саяси-құқықтық реформаларына үнемі қолдау көрсетті», – деді сенатор.
Сауалда Салық Зимановтың Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ғана емес, нағыз қаһарман екеніне де назар аударылған. Әсіресе, оның «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталғаны, даңқты қолбасшы, маршал К.К.Рокоссовскийдің тікелей басшылығымен шайқасқаны және соғысты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлымен бірдей әскери шенде – полковник дәрежесінде аяқтағаны ерекше айтылған.
Мұхтар Құл-Мұхаммед академиктің ғасырлық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтудің ұлттық және елдік мүдде тұрғысынан маңызы өте зор екенін айтып, Үкіметке осы бағыттағы бірқатар ұсыныстарын жолдады. Нақты айтқанда, сенатор қаһарман ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция, таным-тағылымдық шаралар өткізу, оның есімін Атырау мен Алматы қалаларының көшелеріне және Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан салынған мектептердің біріне беру, туған жерінде еңселі ескерткішін орнату мәселесін қарастыруды сұрады.