- Парламент Сенаты жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстан Республикасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Халықаралық төмен байытылған уран банкі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке мүше мемлекеттердің атом стансаларына ядролық отынды кепілді жеткізуді қамтамасыз ету үшін агенттіктің қолдауымен құрылады және осы агенттікке мүше елдердің бірінде орналасқан төмен байытылған уран қоймасын қамтиды. Осындай банкті құру бастамасын ұсынған агенттік оператор елге бірнеше талап қояды.
«Ел ядролық емес мәртебеге, ядролық циклдің бұл бөлігінде технологияларға және тәжірибеге, тиісті инфрақұрылымға, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің сеніміне ие болуға тиіс. Бұның барлығы Қазақстанда бар, ең алдымен жиналған тәжірибенің арқасында», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев заң жобасын таныстыру барысында.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан ірі уран өндіруші және жоғары байытылған уранды төмен байытылған уран формасына қайта өңдеу мүмкіндіктеріне ие бола отырып, бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға өз үлесін қосуға ниетті. 2011 жылғы 29 шілдеде Қазақстан өз аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру ниеті туралы ресми өтінімді халықаралық агенттікке жіберді. Өтінімде қарастыру үшін екі алаң ұсынылды, яғни Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты және бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағындағы №5 алаңы қамтылды. 2011 жылы 29 тамыздан 2 қыркүйек аралығында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің техникалық миссиясы қосылған алаңдарды қарап, Үлбі металлургиялық зауытын таңдады. Бұл 65 жылдық тарихы бар кәсіпорын, оның 45 жылдан астам мерзімінде осындай материалмен жұмыс істеу тәжірибесі бар.