Семей қаласында мұғалімдердің 68 пайызы COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аймақ басшысы Даниал Ахметов Семей қаласында жаңадан тағайындалған әкім Бақытжан Байахметовпен және депутаттармен жиналыс өткізіп, бірқатар мәселені талқылады. Жиын барысында жақын арада атқарылуы тиіс жұмыстардың жоспары белгіленді.
«Депутаттар вакцинациялау процесін жандандыруға атсалысулары керек. Себебі, Семейде бұл процесс баяу жүріп жатыр. 1 қыркүйекке дейін барлық мұғалім вакцина алуы тиіс. Өйткені олар балалармен тікелей жұмыс істейді. Ал бүгінгі таңда педагогтардың 68%-ы ғана вакцина алып отыр», - деді Даниал Ахметов.
Сондай-ақ шаһарды жылумен қамтамасыз ету мәселесі де сөз етілді. Қазір Семейдегі барлық қазандықты жөндеу және реконструкциялаудан бөлек, олардың қуатын арттыру бойынша да жұмыс жүргізілуде.
«Қаланы дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. 1200 және 300 орындық екі жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Семей ядролық полигонындағы сынақтан зардап шеккен азаматтар үшін оңалту орталығының құрылысы да басталады. Сонымен қатар Бейбітшілік аралын қайта жаңғырту жобасы әзірленетін болады. Ол жер қала тұрғындары демалып қана қоймай, спортпен шұғылданатын орынға айналуы тиіс», - деді облыс әкімі.
Жергілікті жұрт үшін маңызды тағы бір жоба – автокөлік көпірін жөндеу. Даниал Ахметов жаңа әкімге депутаттармен бірге асфальт төселмеген жолдары бар көшелерді жөндеу жөнінде ауқымды бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
