Семейде ірі кинотеатрлардың бірі - «Еңлік-Кебек» жабылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Мекемедегілердің айтуынша, әлеуметтік желілерде «Еңлік-Кебек» кинотеатрының жабылып, ғимарат Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияға берілетіні туралы ақпарат пайда болды.
Мәдениет бөлімінің түсіндіруінше, ШҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы иелігіндегі «Еңлік-Кебек» кинотеатры 2004 жылы «Мунира» ЖШС-не 15 жылға кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілген. Өткен жылдың желтоқсан айында сенімгерлік басқару шартының мерзімі аяқталды. ЖШС шартты ұзартуға ниет білдірмеді.
ШҚО әкімдігінің 2017 жылдың 15 наурыздағы №65 қаулысына сәйкес, кинотеатрды тарату туралы шешім қабылданды. Қазір ҚР Азаматтық кодексінің 50-бабына сәйкес, кинотеатрды тарату жұмысы жүріп жатыр.
«Еңлік-Кебек» орналасқан ғимарат облыстық коммуналдық меншік иелігінде. Әзірге кинотеатр ғимаратының кімге берілетіні белгісіз. Ғимараттың сақталуына уақытша филармония жауап береді» деп толықтырды ақпарат орталығы өкілдері.