Семей қаласында ескі көпірдің бір шеті опырылып қалды. Бұл жайында қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Құрметті семейліктер, бүгін шамамен кешкі 20.00 кезінде авто-жегін көпірінің жаяу жүргіншілерге арналған бөлігінде плита орнынан қозғалып кетті. Оқиға орнына қала әкімінің орынбасары, көлік және автомобиль жолдары бөлімі мен жол-патруль қызметінің өкілдері барды. Көпір конструкциясында айтарлықтай қирау, бүліну белгілері байқалмады. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында көпірдегі қозғалысты тоқтатып, көлік пен жаяу адамдардың жүруіне тыйым салынды» - деп хабарлады қалалық әкімдік.
Ертең тиісті мамандарды тартып, көпірді толық тексеруден өткізу көзделіп отыр. Соның қорытындысы бойынша соңғы шешім қабылданады.
«Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қабылданған шараларға түсіністікпен қарауын өтінеміз» - деп ескертеді әкімдік.