2021 жылға арналған уран өндіру жоспары 22 575 тоннаны құрайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан әлемнің табиғи уран нарығында көшбасшылық орынды сақтауды жалғастырып келеді. Республика уранның әлемдік өндірісінің 42 пайызын өндіреді. Жылдың қорытындысы бойынша уран өндіру көлемі 19 586,6 тоннаны құрады. Атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осылайша, елімізде ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясы аясында халықаралық міндеттемелер іске асырылатын болады», - деді министр ведомствоның алқа мәжілісінде.
Оның айтуынша, 2021 жылға арналған уран өндіру жоспары 22 575 тоннаны құрайды.
«2021 жылы жалпы ауданы 18 311 шаршы шақырым құрайтын бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағын кешенді экологиялық тексеруді аяқтау жоспарланып отыр (100%). Зерттеу нәтижесінде бұрынғы сынақ аумағының радиоэкологиялық жағдайы айқындалатын болады. Полигонның ластанған жерлерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» ҚР Заңын қабылдау жоспарланған», - деді Нұрлан Ноғаев.