12 ақп, 2024 сағат 17:16

Семей ормандарындағы өрт ағашқа жай түсуі салдарынан болған — министр


Парламент Мәжілісі депутаты Ермұрат Бапи Үкімет сағатында Бас Прокуратура өкілінен Семей ормандарындағы өртке сыртқы қастандықтың әсері бар деген қауесет тексерілді ме және оның нәтижесі не болғанын сұрады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.

Депутатқа жауап берген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өрт ормандағы ағашқа жай түсуі салдарынан болғанынын айтып отыр

Ермұрат Бапи ресми өкілдерден осы ақпарат қауесет пе, жоқ па екенін анықтағысы келгенін айтады. 

«Семей ормандары, одан кейін Қостанайдағы ормандар өртенген кезде әлеуметтік желілерде әдейі өрт қойылған деген ақпарат болды ғой. Бұл біраз жерде сөз болды. Мен прокуратура органдарынан осы ақпарат анықталды ма, жоқ па деген тұрғыда сұрадым. Бірақ министр жауап берді. Мемлекеттік коммисияның тексерісі барысында ондай қастандық фактілері болған жоқ деді. Бірақ өзім осы ақпарат қауесет пе, жоқ па екенін анықтағым келді», -деді Ермұрат Бапи.


Мәжілісмен журналистерге берген сұхбатында министрдің сөзіне сенім білдіретінін айтты. 

«Қалай болғанда да ресми органдардың дерегіне сенуге тура келеді. Ешкімді қолынан ұстап алмағаннан кейін, немесе әлдебір қаскүнемдерді тауып, оларды тергеуге алмағаннан кейін, қандай уәж айтуға болады?» - дейді депутат.


Айта кетейік, бұған дейін Руслан Берденов салаға көңіл бөліп, нақты өзгерістер мен қатаң қадағалау қажеттілігін айтқан болатын. 

Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орманның өртенуіне климаттық жағдайлар әсер етіп жатқанын айтты.