10 қаң, 2017 сағат 21:02

Семей қаласында «Абай арена» деп аталатын ірі спорттық кешен салынбақ

ШҚО басшысы Даниал Ахметов Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовке ақпан айында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен нобайын әзірлеуді тапсырды. 

Барлық халықаралық талаптарға сай келетін спорт кешенінің құрылысы құжаттарды әзірлеу аяқталған соң бірден, ағымдағы жылы басталмақ.

Кешен халықаралық деңгейдегі спорттық-мәдени шараларды қабылдай алатын ғимарат болмақ. Ол әлемдік талаптарға сәйкес салынып, тиісті жабдықтармен қамтамасыз етіледі, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов кеңейтілген аппараттық кеңестің барысында.

Сонымен қатар, кеңес барысында Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында бассейн салынатыны белгілі болды.

Жалпы, биыл Шығыс Қазақстанда 27 әлеуметтік-мәдени нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, Өскемен, Семей, Риддер, Аягөз қалаларында және Шемонаиха, Тарбағатай, Үржар аудандарында 11 мектеп салынбақ. Облыс орталығында салынатын екі мектеп қазақ тілінде оқытатын мектептер болмақ.