Ақмола облысының Щучье қаласында маска режимін бұзған заңды тұлғалар жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қыркүйектің 12-де Бурабай аудандық ПБ қызметкерлері Щучье қаласындағы мектептердің бірінде Ақмола облысының бас санитар дәрігерінің 30 тамыздағы №109 қаулысының талаптары бұзылғанын, яғни маска режимін бұза отырып, мәдени-көпшілік шара өткізілгенін анықтады.
«Осыған байланысты заңды тұлғаның үстінен ҚР ӘҚбК 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік заңбұзушылық жөнінде хаттама толтырылды. Яғни, 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік шара қолданылды. Айыппұл көлемі - 319 470 мың теңге» дейді ведомстводан.
Осы ретте тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын бас санитар дәрігердің қаулысындағы талаптарды сақтауға шақырады.
Еске сала кетсек, бұған дейін IQanat High School of Burabay мектебінде санитарлық карантин талаптарының бұзылу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру басталған болатын.