Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ОСК мәліметінше, сайлаушылар тізіміне 11 953 465 қазақстандық енгізілген. Соның ішінде 8 300 046 сайлаушы немесе 69,44%-ті дауыс берді.
Өңірлер бөлінісінде:
Абай облысы - 80,18%
Ақмола облысы - 78,87%
Ақтөбе облысы - 72,81%
Алматы облысы - 72,10%
Атырау облысы - 70,87%
Батыс Қазақстан облысы - 68,67%
Жамбыл облысы - 79,57%
Жетісу облысы - 81,42%
Қарағанды облысы - 78,39%
Қостанай облысы - 79,28%
Қызылорда облысы - 81,07%
Маңғыстау облысы - 66,99%
Павлодар облысы - 77,58%
Солтүстік Қазақстан облысы - 79,01%
Түркістан облысы - 80,37%
Ұлытау облысы - 75,48%
Шығыс Қазақстан облысы - 79,49%
Астана қаласы - 48,67%
Алматы қаласы - 28,72%
Шымкент қаласы - 59,79%
Өз таңдауын жасаған сайлаушылар саны жағынан Жетісу, Абай, Қызылорда және Түркістан облыстары көш бастап тұр. Бұл өңірлерде халықтың сексен пайызы сайлау учаскелеріне барған.
Ал Алматы мен Астана тұрғындарының белсенділігі төмен болды. Оңтүстік мегаполисте сайлауға бару көрсеткіші отыз пайызға да жетпеді, ал елорда 50%-ті еңсере алмады.
Сайлауға түскен 6 кандидаттың ішінде ең көп дауысты қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жинады.
Алдын ала қорытынды бойынша нәтижелер төмендегідей:
- Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция атынан) – 81,31% немесе 6 456 392 адам;
- Мейрам Қажыкен ("Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі) – 2,53% немесе 200 907 адам;
- Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы) – 3,42% немесе 271 641 адам;
- Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі) – 2,6 % немесе 206 206 адам;
- Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі) –2,12 % немесе 168 731 адам;
- Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы) – 2,22 % немесе 176 116 адам дауыс берді.
Жалпы, дауыс беру күні сайлау рәсімдерін ҚР Президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірген адамы, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардан - 15,5 мың, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан астам байқаушы бақылаған.
Одан бөлек, сайлау учаскелеріне қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының 1225 өкілі, 23 елден 41 шетелдік БАҚ өкілдерін ұсынатын 106 аккредиттелген журналист қатысып, саяси науқан барысынан ақпарат жариялады.
Айта кетейік, жаңа Президент жеті жылға және тек бір мерзімге сайланады.