8 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Жигули Молдақалықұлы Дайрабаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша Лингвистикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Лингвистикалық емтихан үш кезең бойынша өтті: тақырып бойынша жазбаша тапсырма орындау, әдеби шығармадан үзінді оқу және кандидат таңдаған тақырып бойынша көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу.
Емтихан аяқталған соң, комиссия талқылау өткізді. Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов баяндады.
"Кандидаттың жазба жұмысы «Менің елім, менің жерім» тақырыбында болды. Жазба жұмысы мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Кандидат берілген уақытты толық пайдаланды. Екінші тапсырма бойынша Абайдың өлеңдерін оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Күшіміз – бірлікте» тақырыбына өз ойын 15 минут көлемінде баяндады.
Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Молдақалықұлы Дайрабаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен бірауыздан шешім қабылдады" - делінген хабарламада.