10 жел, 2020 сағат 19:20

Сайлау кезінде коронавирустың таралмауы үшін қандай іс-шаралар қабылданады?

ҚР Денсаулық вице-министрі - Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов Мәжілістің және жергілікті мәслихаттардың депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде халық арасында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында арнаулы қаулы қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған қаулыға сәйкес, сайлау процесінің барлық қатысушылары: бір рет қолданылатын медициналық немесе қорғаныш маскаларын, қолғаптарды кию режимін міндетті түрде сақтауы; қолды дезинфекциялау үшін антисептикалық құралдарды пайдалануы; адамдар арасында бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы; қол алысуды немесе тікелей байланыстың басқа да түрлерін болдырмауы қажет. Сайлау алды үгіт іс-шараларын теледидар, радио, баспа басылымдарын, интернет-ресурстарды пайдалана отырып, онлайн режимде өткізу ұсынылады. Сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған тегін баспа материалдарын, оның ішінде иллюстрациялық материалдарды, сондай-ақ белгішелерді, жалауларды, жалаушаларды таратуды бір рет қолданылатын қолғаптарды және қорғаныш маскаларын пайдалана отырып жүзеге асыру керек.

«Сайлау алды көпшілік іс-шараларын және үй-жай ішінде сайлаушылармен жеке кездесулерді өткізу кезінде: әлеуметтік қашықтықты мүлтіксіз сақтау үшін жеткілікті кең үй-жайларды пайдалануды; іс-шараға қатысушылардың температурасын үй-жайға кіреберісте байланыссыз бақылауды; үй-жайға кіреберісте және үй-жай ішінде қолды дезинфекциялауға арналған құралдарды пайдалануды; жуу құралдарын қолдана отырып, үй-жайды және барлық жұмыс беттеріне ылғалды жинау жүргізуді, дезинфекциялауды; жасанды желдету жүйесі болмаған жағдайда үй-жайға тұрақты желдету жүргізуді; ғимараттың техникалық мүмкіндіктері болған кезде үй-жайға бөлек кіретін және шығатын жолдарды; КВИ-дің профилактикасы шараларын сақтау туралы ақпараттық материалдарды орналастыруды; үй-жайға кіреберісте және үй-жай ішінде қашықтық белгілерін орнатуды; қатысушыларды әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызуды қамтамасыз ету қажет», - делінген қаулыда.