25 жел, 2020 сағат 21:00

Сайлау: Елордалықтар өз сайлау учаскесін қалай біле алады?

Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Белсенді сайлау құқығына ие, сайлау күні 18 жасқа толған ел азаматтары өз таңдауын жасай алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сайлаушылар тұрғылықты жері бойынша дауыс бере алады. Сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар құрады. Сондықтан дауыс беретін учаскені алдын ала біліп алу маңызды.

Нұр-Сұлтан тұрғындары өзінің сайлау учаскесін (ЖСН, тегі, аты, әкесінің аты және туған күні немесе сайлаушы тіркелген объектінің (көше, үй) мекенжайын көрсету арқылы) келесі арналар арқылы біле алады: 

1. Әкімдіктің astana.gov.kz веб-порталы. Басты бетте «Өз сайлау учаскеңді тап» баннерін басу керек.

2. «Smart Astana» мобильді қосымшасы («Қалалық қызметтер» бөлімінде);

3. @smartastana_bot Телеграм-боты арқылы («Қызметтер» бөлімінде).

Бұл байланыс арналары арқылы сайлау учаскесінің нөмірін, орталықтың мекенжайы мен атауын, сондай-ақ картада сайлау учаскесі орналасқан жердің белгісін білуге болады.

Сондай-ақ интернетке кіре алмайтын адамдар үшін iKomek 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. 

Естеріңізге сала кетейік, елордада сайлау қарсаңында «Белсенді сайлаушы» акциясы басталды, оның нәтижелері 5 қаңтарда шығарылады. Акция шарттарына сәйкес, сайлау учаскелерін онлайн-қызметтер арқылы тексерген әрбір бес мыңыншы қолданушы естелік сыйлықтарға ие болады.