
Сайлауға барған азаматтың дене қызуы көтеріліп тұрған жағдайда оның қалай дауыс беретінін Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифингіде түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзінше, әрбір сайлау учаскесінің алдында дауыс берушілердің дене қызуы тексеріледі.
«Егер дауыс берушінің дене қызуы көтеріліп тұрса, оның сайлау учаскесіне кіруіне тыйым салынады. Жедел жәрдем кезекшілікте болады. Дене қызуы көтеріліп тұрған адамды стационарға апарады, қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызады. Медициналық мекемелерде арнайы бөлме дайындалған. Сол жерде дауыс беруге болады», - деді Жандарбек Бекшин.
Өз кезегінде, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев сайлау учаскелерінде медицина қызметкерлері болатынын және дауыс берушілерді бақылап отыратын арнайы бөлме дайындалғанын жеткізді.
«Дауыс берушінің дене қызуы көтерілген жағдай оны сол бөлмеге апарып, дәрігерлер тексергеннен кейін жедел жәрдем көлігімен алып кетеді. Біз арнайы аурухана дайындап қойдық, сол жерде науқастар ПТР-тестінің нәтижесі шыққанға дейін болады. Сол бөлмелерде дауыс бере алады», - деп қосты ол.
